Жаңалықтар
Жаңа белестерге жарқын жолдама
17 маусым 2025 09:01
Атырау қаласындағы NIS-те жүрекке жылы, есте қаларлықтай сәттердің бірі орын алды. Мектеп түлектеріне орта білім туралы аттестаттары салтанатты түрде табысталды. Бұл — олардың өміріндегі маңызды кезеңнің тағы бір жарқын белесі.
Салтанатты шарада мектеп директоры Ерали Бижанов сөз сөйлеп, жас түлектерге ақ жол, сәттілік тілеп, аттестаттарын табыстады.
Биыл оқу жылын 114 түлек сәтті аяқтады. Олардың арасынан 2 оқушы — «Алтын белгі», 3 оқушы — «Үздік аттестат» иегері атанып, мектеп мерейін асқақтатты.
Шараның шырайын ашқан тағы бір көрініс — ата-аналардың жүрек жарды флешмобы болды. Олар би арқылы балаларына деген мақтаныш сезімі мен шексіз махаббатын жеткізді. Педагог-ұйымдастырушылар түлектерге арнап ән орындап, оларға деген ыстық ықыласын білдірсе, оқушылар өздері де қимас көңілдерін әнмен жеткізіп, мектеппен қоштасу сәтін әсерлі ете түсті.
Салтанатты кеште NIS Alumni атынан түлектерге арнайы белгі табысталып, олардың NIS қауымдастығының бір бөлігі екені тағы бір мәрте айшықталды.
Бұл күн — тек аттестат алу рәсімі ғана емес, үлкен өмірге бастар жолдың бастамасы болды. Жас түлектерге жарқын болашақ, асқақ армандар тілейміз!