Жаңалықтар
NIS оқушысының ғылыми жұмысы жоғары бағаланды
20 маусым 2025 16:35
Атырау қаласындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы Айзере Андосова 2024 жылдың қараша айында Испанияның Барселона қаласында өткен халықаралық химия конференциясына өзінің ғылыми-зерттеу жұмысының теориялық бөлігімен қатысып, білімімен ерекшеленіп, сәтті баяндама жасаған болатын.
Coalesce ғылыми-зерттеу тобы ұйымдастырған бұл конференцияға әлемнің 20-дан астам елінен танымал және білікті зерттеушілер, іскер делегаттар мен талантты студенттер қауымдастықтары қатысты.
Айзере Серікқызы өз зерттеу жұмысының практикалық бөлігінде Атырау мұнай және газ университетінің «Нефтехимия» зертханасында өз химия пәнінің мұғалімі Саид Асиф Аббас пен университет профессоры Сағынаев Аманжан Төремұратұлының жетекшілігімен жұмыс жүргізді. Зертханада олар магнетиттің нанобөлшектерінен тұратын, керосин немесе Para-Oleum Fluid (POF) сияқты бейполярлы ортада ерітілген сіңіргіш (сорбент) дайындады. Бұл – мұнаймен ластанған топырақтар мен мұнай төгілу оқиғаларынан тазарту үшін қолданылатын жаңа магнитті нанотехнология.
Жуырда Айзере өзінің ғылыми-зерттеу жұмысын таныстыру үшін Австралияның Корольдік химиялық қоғамынан ресми шақырту алды. Сонымен қатар, Айзере өзінің жұмысын Румынияда өтетін конференцияда да таныстырмақ.