Жаңалықтар
Білім күні – жаңа белестердің бастауы
02 қыркүйек 2025 15:30
Оқу жылының алғашқы күні Атыраудағы NIS-те ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. Жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауын қарсы алу үшін мектеп алаңына ұстаздар, ата-аналар, оқушылар мен қадірлі қонақтар жиналды.
Мектеп табалдырығын алғаш аттаған жетінші сынып оқушылары үшін бұл күн ерекше есте қаларлық мерекеге айналды. Биыл 7-сыныпқа бірнеше жаңа сынып қабылданып, оларды ұстаздар мен оқушылар ыстық ықыласпен қарсы алды.
Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы атап өтіліп, білімнің ұлт болашағындағы маңызы айрықша дәріптелді. Мектеп директоры Ерали Қыдырбайұлы барша ұжым мүшелері мен шәкірттерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, сәттілік пен табыс тіледі.
Мерекелік шара барысында үздік оқушылар марапатталып, республикалық және халықаралық жобаларда топ жарған зияткерлер, авторлық құқық иелері мен патенттелген жұмыстары бар жас зерттеушілер алаң төрінен табылып, марапатталды. Сонымен қатар, мектептің өнерлі өрендері өнер көрсетті.
Жаңа оқу жылы Атыраудағы NIS үшін жаңа ізденістер мен үлкен жетістіктерге толы кезеңнің бастауы болмақ.