Жаңалықтар
Альмира Акажанова Stanford University-дің жазғы курсынан өтті
15 қыркүйек 2025 11:47
Атырау қаласындағы NIS оқушысы Альмира Акажанова өткен жаз айларында әлемдегі жетекші университеттердің бірі Stanford University-ден тегін жазғы курстан өтіп, бірегей мүмкіндік турасында сөз тарқатты.
– Биылғы жаз мен үшін ерекше мүмкіндікке толы болды. Stanford университетінде ұйымдастырылған халықаралық білім беру лагерінің қатысушысы атанып, жаңа идеялар әлеміне жол аштым. «Қазіргі қоғамдағы нейродивергентті адамдардың рөлі» тақырыбындағы эссе байқауында жеңімпаз болуым — осы сапарға бастау болды, – дейді Альмира.
Жас зерттеуші эссесінде даму ерекшелігі бар адамдарды қабылдау мен қолдаудың маңыздылығын қозғаған. Оның айтуынша, айырмашылықтарды бағалай білетін қоғам ғана шынайы даму мен өркендеуге қол жеткізе алады.
Stanford-тағы сабақтар да ерекше өткен.
– Біз шынайы өмірден алынған мысалдарды талдадық. Тіпті топ ішінде нейродивергентті қатысушылармен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болдым. Командамда Кореядан келген оқушы болды: ол бағдарламалау тілін жақсы меңгерген, ал мен жобаның бағытын басқардым. Бірлесе отырып өз бағдарламамызды әзірледік. Бұл тәжірибені тек қана практика емес, сонымен бірге нейроәртүрлілік саласының болашағына қосқан үлес деп білемін, – дейді ол.
Жазғы лагерь Алмираға үлкен ой салған. Оның айтуынша, бұл тәжірибе тіпті шағын қалада тұратын адамның да егер арманына сеніп, табандылықпен ұмтылса, әлемдік білім беру орталықтарына қол жеткізе алатынын дәлелдейді.
«Бұл бағдарлама – мен үшін өмірімдегі ең құнды тәжірибелердің бірі. Әсіресе осы мүмкіндікті сыйлаған ұйымдастырушыларға, соның ішінде Фатима Молдашеваға, және сүйікті мектебіміздің кураторы Гаухар Смаеваға шын жүректен алғыс айтамын. Олардың қолдауының арқасында Stanford атмосферасын сезініп қана қоймай, мақсаттарға жетудің мүмкін екеніне көз жеткіздім», – дейді ол.