Жаңалықтар
«First Aid»: алғашқы көмекті қалай береміз?
17 қазан 2025 14:30
Атыраудағы NIS жанындағы жатақханада қарапайым медициналық көмек арқылы зақымданудың ауыр зардаптарын болдырмау мақсатында оқушыларға алғашқы медициналық көмек түрлері бойынша фельдшер Мирамбек Ахметов толыққанды мәліметтер беріп, біліктілігімен бөлісті.
Ол жарақат алған кезде көрсетілетін алғашқы көмектің негізгі әдіс-тәсілдерімен таныстыра отырып, төтенше жағдайларда әрекет ету ережелерін үйретіп, практика жүзінде көрсетті. Сонымен бірге бейнебаян арқылы төтенше жағдайларда көрсетілуі тиіс ең жиі кездесетін алғашқы көмек беру түрлерімен таныстырды.
Шара барысында жүрек қызметінің тоқтауы, қан тоқтатудағы алғашқы көмек, венадан қан кету кезіндегі іс-әрекеттер және әрқайсының ерекшеліктері туралы айтылып қана қоймай, тәжірибе барысында көрсетілді.
Осындай шаралар барысында оқушылар өздеріне қажетті дағдыларды игеріп, түрлі дағдарыстық жағдайлар туындаған кезде өзін және айналасындағыларға қалай көмек беруді үйренетіні сөзсіз.