Жаңалықтар
Орталық Азия: Тұрақты болашақ – мұғалімнен басталады!
01 қараша 2025 12:32
Атыраудағы NIS-тің биология пәні мұғалімі Таншолпан Абилова жуырда Қарақалпақстан Республикасының Нүкіс қаласында өткен Орталық Азия мұғалімдерінің саммитіне (Central Asian Teachers’ Summit) сарапшы ретінде қатысты.
Форум Өзбекстан Республикасының Мектепке дейінгі және мектеп білім беру министрлігінің шақыруымен ұйымдастырылып, «Тұрақты болашақ экологиялық білім беруден басталады» атты маңызды ұран аясында білім министрлерін, жетекші педагогтер мен халықаралық сарапшыларды бір алаңда тоғыстырды.
Таншолпан Абилованың «Климаттық сандықша» әдістемелік құралы бойынша сарапшы ретінде қатысу сапары БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен жүзеге асты.
Айта кетерлігі, мектебіміздің «Климат күтпейді» бастамасы аясындағы оқушы жобалары бірнеше рет жүлделі орындарға ие болған. Осы тәжірибе негізінде «Климаттық сандықша» құралы Орталық Азия елдерінде климаттың өзгеруі тақырыбын оқу үдерісіне тиімді енгізудің дайын ресурсы ретінде ұсынылды.
Саммиттің алғашқы күні танысу мен бірлікті нығайтуға арналды. Орталық Азияның бес елінен келген мұғалімдер туристік орталықта болып, ұлттық дәстүрлер мен тағамдармен танысты. Сондай-ақ экологиялық Scavenger Hunt квестіне қатысып, өз елдерінің мәдени визит карталарын ұсынды.
Одан әрі Нүкіс қаласындағы Президенттік мектеп базасында Таншолпан ұстазымыз «Климаттық сандықша» атты интерактивті мастер-класс өткізді.
Мұнда Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қарақалпақстан елдерінен келген мұғалімдер интернационалдық топтарда жұмыс істеп, ортақ тапсырмаларды орындады.
Педагогтердің белсенді жұмысы дайын әрі икемді экологиялық білім беру шешімдеріне деген үлкен сұранысты көрсетті. Арал мәселесін талқылау нәтижесінде қатысушылар Орталық Азия елдері арасында экологиялық білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы ортақ меморандум дайындау және қабылдау бастамасын ұсынды.
Жас ұстазымызды халықаралық деңгейде табысты тәжірибесін ұсынуымен құттықтаймыз!