Жаңалықтар
«Келешек мектептері» педагогтеріне арналған заманауи семинар өтті
09 қаңтар 2026 12:32
Атыраудағы NIS базасында «Келешек мектептері» желісінің педагогтеріне арналған «Заманауи мектеп зертханасы: мұғалімге арналған практикалық дағдылар» атты семинар-практикум ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – мұғалімдердің зертханалық жабдықтарды оқу үдерісінде әдістемелік тұрғыдан тиімді әрі қауіпсіз қолдану дағдыларын дамыту.
Семинарға физика, химия, биология, информатика, STEAM және робототехника пәндерінің мұғалімдері қатысты. Үш күнге жоспарланған практикалық алаңда қатысушылар зертхана жұмысын ұйымдастыру тетіктерімен танысып, оқу экспериментін жоспарлау, виртуалды зертханалар мен цифрлық платформаларды сабақта қолдану жолдарын меңгерді.
Бағдарлама аясында NIS тәжірибелі мұғалімдері мен әдістемелік бірлестік жетекшілері шеберлік сабақтарын өткізіп, «идеядан тәжірибеге дейін» қағидатына негізделген іс-әрекеттегі оқу эксперименттерін көрсетті. Сонымен қатар сабақ рефлексиясы мен оның тиімділігін талдау мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Семинар соңында қатысушылар кері байланыс ұсынып, мұндай практикалық форматтағы кездесулер педагогтердің кәсіби әлеуетін арттырудағы маңызды алаң екенін алға тартты.