Жаңалықтар
Әкелер кеңесі тоғызқұмалақтан сайыс өткізді
03 сәуір 2026 18:01
NIS Атырау мектебінде Әкелер кеңесінің қолға алуымен ұлттық зияткерлік ойын – тоғызқұмалақтан алғаш рет ауқымды турнир ұйымдастырылды.
Аталған сайысқа оқушылармен қатар мұғалімдер мен ата-аналар да қатысып, өзара бақ сынауда. Жалпы саны 60-қа жуық қатысушы жиналған дода ерекше форматта өтіп, білім ордасындағы ынтымақтастық пен бірлікті нығайта түсуде. Бұл – тек жарыс қана емес, мектеп қауымдастығын біріктіретін маңызды алаңға айналып отыр.
Мектеп директоры Ералы Бижановтың айтуынша, тоғызқұмалақ – жас ұрпақтың жан-жақты дамуына ықпал ететін ерекше ойын.
— Тоғызқұмалақ – терең ой мен стратегиялық шешімді талап ететін ұлттық ойындардың бірі. Бұл ойын жасөспірімдердің логикалық ойлау қабілетін арттырып, зейінін шоғырландыруға көмектеседі. Сонымен қатар, ол тәртіпке, шыдамдылыққа және жүйелі жоспар құруға баулиды. Мұндай доданың біздің мектепте алғаш рет қолға алынуы – өте қуантарлық жағдай. Әсіресе, бұл бастаманың Әкелер кеңесі тарапынан ұйымдастырылуы ата-ана, ұстаз және оқушы арасындағы байланысты нығайтады. Алдағы уақытта жарыстың деңгейін көтеру маңызды, – деді ол.
Мектептің әкелер кеңесінің төрағасы Талғат Ағысов та жарыстың маңыздылығына тоқталды.
— Осындай жарыстар арқылы біз тек ойын өткізіп қана қоймай, әке мен бала, мұғалім мен ата-ана арасындағы байланысты нығайтуды көздейміз. Тоғызқұмалақ ойнаған бала ертең өз ойын нақты жеткізе алатын, өмірде өзіндік ұстанымы бар тұлға болып қалыптасады, – деді Талғат Аманұлы.