logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

Сыңғырла, соңғы қоңырау!

29 мамыр 2026 17:13

Атырау қаласындағы NIS-ті биыл 113 түлек тәмамдайды. Бүгін дәстүрлі соңғы қоңырау салтанаты сәтті өтті. Білім ордасында өткен әсерлі сәтте 12-сынып түлектері алтын ұя мектептерімен қимай қоштасты.

Салтанатты жиында мектеп директоры Ерали Бижанов құттықтау сөз сөйлеп, түлектерге ақ жол мен сәт сапар тіледі. Сонымен қатар, оқу мен қоғамдық өмірде белсенділік танытып, үздік жетістіктерімен дараланған оқушылар «Жыл оқушысы» номинациясымен марапатталды. Бұл — шәкірттердің табанды еңбегі мен ұстаздар берген тағылымның жемісі еді.

Мерекелік шара барысында мектеп оқушылары жүрек тербер соңғы вальстерін билеп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Қимастық пен қуаныш қатар өрілген сәтте ата-аналар мен қонақтар да түлектерге ізгі тілектерін арнап, ақ баталарын берді.

Кештің көркін ұлттық өнер де айшықтай түсті. Домбырашылар ансамблі күмбірлеген күй орындап, салтанатты шараның рухын асқақтатты. Ал түлектер дәстүрге сай мектеп ауласына арман-мақсаттары жазылған уақыт капсуласын орналастырып, болашаққа деген сенімдерін бағамдады.

Ал, сыңғырлы соңғы қоңырау үні естілген сәтте түлектер балалық шақпен, білім мен тәрбие берген қасиетті мектеппен қимай қоштасты.

Барлық түлектерге жарқын болашақ, биік белестер мен толағай табыс тілейміз! Ал жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, саналы тәрбие берген ұлағатты ұстаздарға, мектеп ұжымынп шынайы алғысымызды білдіреміз.