Жаңалықтар
Шығыс тарихы мен өндірісінің ізімен: Атыраулық зияткерлер Өскеменнің маңызды нысандарын аралады
19 маусым 2026 14:16
«Туған елге тағзым» экспедициялық жобасының Өскемен қаласындағы екінші күні мазмұнды кездесулер мен танымдық экскурсияларға толы болды. Биылғы жоба аясында Атырау қаласынан келген зияткерлік мектеп оқушылары өңірдің өндірістік әлеуеті мен тарихи-мәдени мұрасымен танысты.
Күннің алғашқы бөлігінде қатысушылар еліміздің стратегиялық маңызы бар кәсіпорындарының бірі – Үлбі металлургия зауытына барды. Экскурсия барысында оқушылар зауыттың тарихы, қызмет бағыттары және заманауи өндірістік технологиялары туралы ақпарат алды. Мамандар кәсіпорынның Қазақстан экономикасындағы рөлі мен жоғары технологиялық өнім өндірудегі жетістіктері жөнінде әңгімелеп, өндіріс процесінің ерекшеліктерімен таныстырды.
Бағдарламаның келесі бөлігі Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде жалғасты. Мұнда зияткерлер өңірдің бай тарихы, археологиялық жәдігерлері, этнографиялық құндылықтары және табиғи ерекшеліктері туралы тың мәліметтер алды. Экспозициялар арқылы оқушылар Шығыс Қазақстанның ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі даму жолын жан-жақты танып білді.
Экспедициялық жобаның басты мақсаты – еліміздің әр өңірінің ерекшеліктерін таныту, жастардың туған жер тарихына деген қызығушылығын арттыру және олардың мәдени-рухани дүниетанымын кеңейту. Өскемендегі сапардың екінші күні қатысушыларға Шығыс өңірінің өндірістік қуаты мен тарихи байлығын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.