Жаңалықтар
Ақ арманға бастар жол
22 маусым 2026 14:15
Атыраудағы NIS-те мектеп түлектеріне аттестат тапсыру рәсімі ерекше сән-салтанатпен өтті. Бұл күн – шәкірттердің мектеп қабырғасында алған білімін саралап, үлкен өмірге қанат қомдайтын тарихи сәті.
Биыл мектептен 113 түлек түлеп ұшты. Олардың арасында білім мен еңбектің биік үлгісін көрсеткен үздіктер де бар. Мектеп мақтанышына айналған 12 «Д» сынып оқушысы Жануя Жарас Жарасқызы «Алтын белгі» иегері атанды. Бұл – жылдар бойғы табандылық пен тынымсыз еңбектің жемісі.
Салтанатты сәтте жылы лебіздер айтылып, ата-аналар мен ұстаздарға алғыс білдірілді. Мектеп директоры Ерали Бижанов әр түлекке бөлек мазмұнмен жазылған ерекше тілек хатын табыстаса, ата-аналар өз өнерлерін ортаға салып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Мектеп түлегі Абай Лоран ізбасарларына мотивация беріп, ізгі тілегін жолдады. Өз кезегінде түлектер де ақжарма тілектерін, шынайы алғыстарын ән мен би арқылы жеткізді.
Сондай-ақ, мектеп тарихында тұңғыш рет директор бастауымен бүгін бастауын алған “NIS Атырау тарихындағы жоғары жетістіктері үшін” атты арнайы статуэтка мен құрмет грамотасын белсенді, білімді, түрлі халықаралық додаларда топ жарып жүрген түлектер Жанұя Жарас пен Батырхан Шеруен иеленді.
Әр түлектің ата-аналарына алғыс хаттар да табысталды.
Түлектер өз арман-мақсаттарын уақыт капсуласына салып, мектеп ауласына орналастырып, игі дәстүрді жалғастырды.
Бүгінгі жас түлектер – ертеңгі елдің тірегі, тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы. Оларға үлкен өмір жолында сәттілік, биік белестер мен толағай табыстар тілейміз!