Жаңалықтар
Сиыр майының қалдығынан – баламалы отын
01 қазан 2026 10:11
Атыраудағы NIS-тің 12 «F» сынып оқушылары Ерлік Ермұхаммед пен Ідірғали Мадияр жетекші ұстаздары Assif Abbas Syed-пен бірге жүзеге асырған ғылыми жобасын халықаралық деңгейде таныстырды.
Жас зерттеушілер Румынияда өткен «NextChem» ұйымының 2026 жылғы халықаралық «EuroChem» конференциясына қатысып, өз жобаларын шетелдік ғалымдар мен сарапшылар назарына ұсынды.
Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты – сиыр майының қалдықтарынан экологиялық таза биодизель өнімін алу. Жоба барысында сиыр майы, этанол және калий гидроксиді қолданылып, тұрмыстық қалдықтарды тиімді пайдалану арқылы қоршаған ортаға түсетін зиянды әсерді азайтудың мүмкіндігі қарастырылды.
Зерттеу нәтижесінде алынған өнімді отын ретінде, сондай-ақ туристік мақсатта, соның ішінде от жағуға арналған құрал ретінде пайдалануға болады.
Жас зерттеушілердің бұл жобасы қалдықты кәдеге жаратып қана қоймай, одан пайдалы әрі экологиялық өнім өндіруге болатынын көрсетеді. Оқушылардың халықаралық ғылыми ортада өз жұмыстарын таныстыруы – олардың зерттеушілік әлеуеті мен ғылымға деген қызығушылығының айқын көрінісі.