Жаңалықтар
Жүректерді жылытқан жүздесу
15 қазан 2026 14:15
Ізгілік – жүректен басталып, мейіріммен жалғасатын асыл қасиет. Атыраудағы NIS-тің «Махамбет» шаңырағына қарасты 8 «G» сыныбы оқушылары Атыраудағы №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барып, қарияларға ерекше көңіл күй сыйлады.
Рухани құндылықтарды дәріптеу және кітап сыйлау бастамасын қолдау мақсатында ұйымдастырылған кездесуде зияткерлер өнерлерін ортаға салып, әсем ән мен күмбірлі күй арқылы үлкендердің көңілін көтерді. Қариялармен бірге би билеп, емен-жарқын әңгімелескен оқушылар олардың бір күнін шаттық пен шынайы ықыласқа бөледі.
Сонымен қатар, орталық кітапханасына кітаптар тарту етіп, рухани қазынаны байытуға үлес қосты.
Бұл жүздесу екі буынды жақындастырған, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттің жарқын көрінісіне айналды. Оқушылар үшін тағылымды тәжірибе болса, қариялар үшін көңілге қуаныш, жанға жылу сыйлаған әсерлі сәт болды.