logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

«Мамандықтар жәрмеңкесі» ұйымдастырылды

26 ақпан 2025 09:10

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2025 жыл - « Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны әмбеге аян. Атаулы жылға орай Атыраудағы NIS-те оқушылар, ата-аналар және мұғалімдер үшін ерекше мән-маңызға ие «Мамандықтар жәрмеңкесі» ұйымдастырылды. Шара жылы әрі танымдық атмосферада өтіп, мектеп қауымдастығын балаларға кәсіби бағдар беруге біріктірді.

Жәрмеңкенің негізгі ерекшеліктерінің бірі – оқушылардың ата-аналарының қатысуы еді. Сан түрлі мамандықтың жілігін шағып, майын ішкен 14 ата-ана 14 түрлі мамандық иесі ретінде сөз алып, спикер болды. Өз кәсіби қызметтерінің қыр-сырын егжей-тегжейлі баян етіп, түрлі салалардағы тың тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар, әрбір мамандықтың ерекшеліктері, мансаптық мүмкіндіктері және қазіргі қоғамдағы маңызы туралы да мол мағлұмат берді.

Ата-аналар мен мектептің бірлескен жұмысы – балалардың білім алуында, тәрбиесінде және болашақ мамандығын таңдауда маңызды рөл атқарады. Осындай іс-шаралар оқушылардың саналы түрде мамандық таңдауына, білімге деген қызығушылығын арттыруға және қажетті дағдыларды дамытуларына ықпал етеді.

Мектеп директоры Ерали Бижанов жәрмеңкеге алтын уақытын бөліп, белсене қатысып, оқушылардың кәсіби бағдар алуына зор үлес қосқан барлық ата-аналарға арнайы алғыс хат табыстап, қызметтеріне сәттілік тіледі. Балаларымыздың жарқын болашағына жол ашатын ерекше бастама енді дәстүрлі шараға айналмақ.