Жаңалықтар
18 наурыз – “Ұлттық киім” күні
20 наурыз 2025 09:40
Ұлттық киім – ұлт құндылығы. Ғасырлар бойы саф алтындай сақталған асыл құндылығымызды дәріптеу – бізге де міндет.
Зияткерлік мектеп ұстаздары бұл күні этно стильдегі киімдермен көпті тәнті қылып, ұлттық киімдерден шеру өткізді. Мәселен математика пәні ұстаздары комзол мен шапан туралы айтса, биология пәні бірлестігі ұлттық бұйымдар, әсіресе сәукеленің мәні мен мазмұнын сипаттап берді. Сәукеле – ұзатылатын қыздың бас киімі, ол қазақтың бай тарихи-мәдени мұрасы, өткен ғасырлардағы әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен хабар береді. Қазақтың ұлттық киімі өзіндік қасиетке толы, себебі ол сол халықтың табиғат төсінде өсіп, еркін ғұмыр кешуіне байланысты қалыптасқан.
Сол сияқты қоғамдық пәндер бірлестігінің мұғалімдері ұлттық зергерлік бұйымдар мен домбыра туралы айтса, физика пәні бірлестігі қамшы жайында айтып берді. Ұлттық киімдер челленджінен шет тілі пәні ұстаздары да қалыс қалған жоқ. Олар кимешек пен шекеліктің тарихы туралы баяндап, қазақ әйелінің қайталанбас сұлулығын паш етті.