Жаңалықтар
Көкшетаудағы NIS-тің 81 түлегі мектеп бітіру аттестатын алды
16 маусым 2025 18:02
Көкшетаудағы NIS-те 2024–2025 оқу жылының түлектеріне арналған «Ақ жол саған, ақ түлек!» атты аттестат табыстау салтанаты өтті. Биыл 81 оқушы оқуын сәтті аяқтап, мектеп бітіру аттестатына ие болды.
Бұл салтанатты шара түлектер үшін маңызды кезеңнің аяқталуын ғана емес, олардың білім жолындағы табыстарының мойындалуын да білдірді. Биыл ерекше академиялық жетістіктері үшін «Алтын белгі» төсбелгісі Диана Нукеноваға табысталды. Сондай-ақ 7 түлек үздік үлгерімі үшін ерекше аттестатпен марапатталды.
Салтанат барысында есте қаларлық сәттердің бірі – түлектердің «NIS Alumni» қауымдастығына ресми қабылдануы болды. Бұл рәсімді 2018 жылғы мектеп түлегі Дильназ Қайыркенова жүргізіп, түлектерге жүрекжарды тілегін арнап, өз өмірлік жолындағы шабытты тәжірибесімен бөлісті.
Мерекелік шара әсерлі музыкалық нөмірлер мен шынайы алғыс сөздерге толы болды. Концерттік бағдарлама, шығармашылық қойылымдар және ата-аналардың тебіреністі сөздері кештің ерекше сәніне айналды. Ал кештің шарықтау шегіне айналған қоштасу вальсі көрермендердің зор қошеметіне ие болып, көпшіліктің көңілінде ұмытылмас әсер қалдырды.