logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

Көкшетаудағы NIS оқушылары подкаст байқауында жүлдегер атанды

19 маусым 2025 11:00

Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 15 жылдығына орай ЮНЕСКО клубының ұйымдастыруымен қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың мұрасын ұлықтауға арналған «Құйрықты жұлдыздай жарқ еткен...» атты желілік подкаст байқауы өтті.

Еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан оқушылар арасында Көкшетау қаласындағы NIS-тің 9-сынып оқушылары — Дана Болат пен Іңкәр Сабыралы ерекше көзге түсіп, II орын иеленді. Олар тарихи деректерді терең меңгеріп қана қоймай, актерлік қабілеті мен медиасауаттылығын жоғары деңгейде көрсете білді.

Жоба жетекшісі Алина Мороздың айтуынша, бұл байқау оқушылардың шығармашылық және аналитикалық қабілеттерін дамытуға үлкен мүмкіндік берді.

«Дана мен Іңкәр Шоқан өмір сүрген дәуірдің рухын подкаст форматы арқылы шынайы, жанды және тарихқа терең құрметпен жеткізе білді. Бұл — әр бөлшегі мұқият ойластырылған, мазмұны терең жоба болды», – деді ол.

Сонымен қатар, оқушыларымыз тағы бір үлкен жетістікке жетті – олар «Debat Eli Academy» пікірсайыс лагеріне арнайы шақырту алды. Бұл – Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арналған оқу бағдарламасы. Академия аясында түрлі тренингтер, пікірсайыс турнирлері мен шеберлік сағаттары өткізілді. Дана мен Іңкәр белсенділік танытып, өз ойларын еркін жеткізу, сын тұрғысынан ойлау және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын жетілдіре түсті.

Дебат клубының жетекшісі Ұлан Зейнелқабденнің айтуынша, бұл жыл олар үшін шынымен де жемісті болды.

«Олар сабақпен қатар, әр байқау мен турнирде табандылық танытты. Жобаларын соңына дейін жеткізе білді. Алдағы оқу жылында да үлкен жетістіктерге жететініне сенімім мол», - деп бөлісті ол.