Жаңалықтар
Көкшетаудағы NIS оқушысы жазғы климаттық лагерьдің жеңімпазы атанды
25 шілде 2025 14:16
2025 жылғы 10–14 шілде аралығында Ақмола облысының Зеренді ауылында БҰҰДБ-ның «Climate Box / Климаттық қорапша» жобасы аясында ұйымдастырылған «Климат күтпейді» атты жазғы климаттық лагерь өтті. Лагерьге еліміздің түрлі өңірлерінен аталмыш байқаудың финалистері мен жүлдегерлері атанған оқушылар мен педагогтер қатысты.
Лагерьдің негізгі мақсаты – жасөспірімдердің климаттың өзгеруі мәселелеріне жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру, экологиялық ойлау қабілетін дамыту және шешімдер табу бойынша практикалық дағдыларды жетілдіру болды. Бағдарламаға биоалуантүрлілік, энергия тиімділігі, суды үнемдеу және климаттық тұрақтылық тақырыптарында дәрістер, жобалық жұмыстар, пікірталастар және ойындар кірді.
Іс-шара барысында ерекше көзге түскен оқушылардың бірі – Көкшетаудағы NIS-тің 8-сынып оқушысы Ажар Сарсенбай. Ол «Үздік жоба» номинациясында жеңімпаз атанып, «Жаңбыр суын баламалы су көзі ретінде пайдалану» тақырыбындағы жобасын таныстырды. Сарапшылар оның жұмысын практикалық маңыздылығы және экологиялық мәселелерді шешуге қосқан үлесі үшін жоғары бағалады.
Жоба жетекшісі Гүлдана Құрманәлі зерттеу жүргізу мен идеяларды әзірлеу үдерісінде қолдау көрсетті.