Жаңалықтар
Көкшетаудағы NIS оқушылары авторлық құқыққа ие болды
24 желтоқсан 2025 16:32
Көкшетаудағы NIS оқушылары жасанды интеллект саласындағы өз әзірлемесіне авторлық құқық алды. Информатика пәні мұғалімі Анара Капанаеваның жетекшілігімен мектеп оқушылары «Жасанды интеллект көмегімен тауық ауруларын ерте анықтау» атты инновациялық жобаны сәтті жүзеге асырды.
«Кез келген жоба мәселені шешуден басталады. Мысалы, жыл сайын құс шаруашылығы саласы шамамен 10 миллион доллар шығынға ұшырайды, және осында басты мәселе жатыр. Фермерлер ауруды уақытында анықтай алмай, диагноз қоя алмайды, нәтижесінде ауру өршітіп, кейін өзгертуге кеш болады», – дейді жобаның қатысушысы Қамшат Қосар.
«Құрылғыда кәдімгі камера мен термокамера бар, олар әр құстың температурасын тіркеп, жеке-жеке суреттерін түсіреді. Барлық ақпарат платформаға жіберіліп, компьютерлік есептеулер арқылы әр құстың денсаулығы бойынша болжам жасалады», – дейді Мансур Ыдырыс.
Яғни, жүйе сыртқы белгілер, температура және белсенділік негізінде құстардың денсаулығын анықтайды.
Жобада 10-сынып оқушылары Мансур Ыдырыс пен Қамшат Косар, сондай-ақ команда мүшелері – 10-сынып оқушылары Дария Сейтжан, Дамеля Жанбыршы, Юсуф Жарқын және 9-сынып оқушысы Инаят Рахметулина жұмыс істеді. Жоба технологиялық жаңашылдығы, ғылыми тәсілі және ауыл шаруашылығында қолдану әлеуеті үшін жоғары бағаланды.
Сонымен қатар, команда Aqmola Power байқауында IT бағыты бойынша бірінші орынға ие болып, идеяның өңірлік деңгейде бәсекеге қабілеттілігін және жоғары дайындығын көрсетті.
Авторлық құқыққа ие болу мен байқауда жеңіске жету жобаның дамуы үшін маңызды кезең болып, мектептің бастамаларының нақты қолданбалы шешімдерге айналып, елдің экономикасы мен аграрлық секторында сұранысқа ие болатынын нақты дәлелдеді.