Жаңалықтар
Көкшетаудағы NIS-те «Samgau» түлектер форумы өтті
13 қаңтар 2026 10:35
Көкшетаудағы NIS-те мектеп түлектері, ұстаздар және 9–12-сынып оқушыларын біріктірген дәстүрлі «Samgau» түлектер форумы өтті. Аталған іс-шара жоғары сынып оқушылары үшін кәсіби бағдар беруге бағытталған маңызды диалог алаңына айналды.
Форумның негізгі мақсаты – ұрпақтар сабақтастығын нығайту және Назарбаев Зияткерлік мектептері қоғамдастығында өзара қолдау мәдениетін дамыту. Кездесу барысында мектеп түлектері Қазақстан мен шетелдің жетекші жоғары оқу орындарына түсу тәжірибелерімен бөлісті. Олар халықаралық емтихандарға дайындық, білім беру бағытын саналы түрде таңдау жолдары туралы айтып, ашық диалог форматында оқушылардың сұрақтарына жауап берді.
Сонымен қатар, түлектер қауымдастығы тарапынан мектеп оқушыларына көрсетілетін қолдау мүмкіндіктері мен бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Samgau» форумы NIS мектептеріндегі ұрпақтар арасындағы байланыстың берік екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Алдыңғы буын жинақтаған тәжірибе бүгінгі оқушылардың болашақтағы жетістіктеріне сенімді негіз болары сөзсіз.