Жаңалықтар
Көкшетаудағы NIS оқушылары өңірлік ғылыми жобалар байқауының жүлдегерлері атанды
13 сәуір 2026 17:08
Көкшетаудағы NIS-тің 10-сынып оқушылары Дмитрий Чаленко, Алихан Орынбаев және Бернар Культемиров экология саласындағы мәселелерге терең ғылыми көзқарас танытып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Олар 9-11 сынып оқушылары арасында өткен «Ауа, Су, Жер» атты өңірлік ғылыми жобалар байқауында өз жобаларын сәтті қорғап, 2-орынды иеленді.
Оқушылар ұсынған «ECODROP – фильтр с самоочищающимся слоем» жобасы таза ауыз суға қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған және энергияны үнемдейтін технологияларға негізделген. EcoDrop+ жүйесінің басты артықшылығы – толық автономдылығы: құрылғы сыртқы қуат көздерінсіз және агрессивті химиялық реагенттерді қолданбай жұмыс істейді.
Жоба биофильтрация, фотокаталитикалық және ультракүлгін зарарсыздандыру тәсілдерін біріктіреді. Табиғи материалдар мен күн энергиясын пайдалану арқылы сүзгі суды тиімді тазартып қана қоймай, өзін-өзі тазарту қабілетіне де ие.