Жаңалықтар
Көкшетаудағы NIS оқушысының жобасы Social Impact Award Kazakhstan 2026 байқауында арнайы марапатқа ие болды
22 қыркүйек 2026 14:47
Көкшетаудағы NIS оқушысы Юсуф Мухамбеткалиев Social Impact Award Kazakhstan 2026 байқауында Jury Award – қазылар алқасының арнайы марапатына ие болды.
Юсуф байқауда OnAITynys жобасын таныстырды. Бұл – бронх демікпесі бар балаларға көмек көрсетуге арналған портативті құрылғы. Жобаның негізгі мақсаты – демікпемен өмір сүретін балалардың күнделікті өмірін барынша жайлы әрі қауіпсіз ету.
Биыл Social Impact Award Kazakhstan байқауына еліміздің түкпір-түкпірінен 212 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 15 жоба финалдық инкубациялық бағдарламаға өтті. Екі ай бойы қатысушылар сарапшылар мен менторлардың қолдауымен өз жобаларын дамытып, идеяларын тәжірибеде сынап, финалдық Demo Day-ға дайындалды.
Дәл осы финалдық таныстырылым барысында OnAITynys жобасы қазылар алқасының арнайы марапатына ие болды.
Юсуф үшін бағдарламаға қатысу өз жобасын кәсіби ортаға таныстырып, сарапшылардан кері байланыс алуға және жобаны одан әрі жетілдіруге мүмкіндік берді.