logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

Көкшетаудағы NIS-те «Берік отбасы» халықаралық бағдарламасы басталды

11 қыркүйек 2026 11:21

Көкшетаудағы NIS-те 7-сынып оқушылары мен ата-аналарына арналған «Берік отбасы» халықаралық бағдарламасы аясындағы кездесулер басталды. Жоба Ұлыбританиядағы Оксфорд Брукс университетінің мамандарымен бірлесіп әзірленген және жасөспірімдердің есейіп, жаңа мектеп ортасына бейімделу кезеңінде отбасылық қарым-қатынасты нығайтып, қолдау көрсетуге бағытталған.

7-сыныпқа көшу – өзгерістер, жаңа міндеттер мен дербестік арта түсетін кезең. Сондықтан бағдарламаның негізгі міндеттерінің бірі – балалар мен ата-аналарға кез келген жағдайда бір-біріне қолдау көрсетіп, бір команда болып қалуға көмектесу.

Кездесулер барысында қатысушылар жасөспірімдердің мақсаттары мен армандарын талқылап, өз сезімдері туралы ашық айтуға, мәселелердің шешімін бірге іздеуге және маңызды сұрақтарды отбасы ішінде талқылауға үйренеді. Сондай-ақ күйзеліс, құрдастар ықпалы және отбасылық қолдаудың маңызына ерекше көңіл бөлінеді.

Бағдарлама дәріс форматында емес, өзара белсенді әрекеттесу негізінде өтеді. Бірлескен тапсырмалар мен пікірталастар ата-аналар мен балаларға бір-бірін жақсырақ түсінуге, күнделікті жағдайларға басқа қырынан қарауға және тиімді қарым-қатынас тәсілдерін табуға мүмкіндік береді.

«Берік отбасы» бағдарламасы ата-аналар мен балалар арасында ашық диалог орнатуға мүмкіндік береді. Жоба өзара түсіністікті нығайтып, жасөспірім үшін өзгерістер кезеңінде аса маңызды отбасылық қолдауды қалыптастыруға ықпал етеді.

Фотогалерея

image-
image-
image-