Жаңалықтар
Көкшетаудағы NIS оқушылары Қарттар күніне орай аға буын өкілдерін құттықтады
02 қазан 2026 09:03
1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Осы күні Көкшетаудағы NIS оқушылары аға буын өкілдерін құттықтап қана қоймай, олардың жанында болып, әңгімесін тыңдап, өмір жолы мен естеліктеріне құлақ түрді. Өйткені үлкендердің әрбір әңгімесі – кейінгі ұрпаққа берер тағылымы мол өмір сабағы.
7-сынып оқушылары өздерінің ата-әжелерін арнайы құттықтады. «Бурабай» шаңырағының оқушылары Ұлтай Коспанова мен Рауза Күлбаеваның үйіне барып, өлең оқып, ән айтып, гүлдер мен жылы тілектерін табыстады. Ал әжелер ақжарма алғысын айтып, балаларға батасын берді.
«Атамекен» шаңырағы Асылбек Ғазизтің әжесіне барды. Рабиға апа оқушыларды ақ дастарханымен қарсы алып, жастық шағы туралы айтып, естеліктерімен бөлісті. Кездесу соңында балаларға ақ батасын берді.
«Алтын Емел» шаңырағының оқушылары «Доброе сердце» қарттар пансионатына барып, қарияларға көңіл бөлсе, «Шарын» шаңырағы Ануарбек Омаров пен Сауле Омарованы құттықтады.
Құттықтауға «Тенгри» шаңырағының 8 «С» сынып оқушылары мен ата-аналары да қосылды. Олар Көкшетау қаласының Құрметті азаматы Валентина Соломинаға шын жүректен ізгі тілектерін білдіріп, зор денсаулық, жан жылуын, қуаныш, амандық және ұзақ та бақытты ғұмыр тіледі.
Бұл игі іске басқа оқушылар да қосылды. Олар қала көшелерінде қарттарға арнайы әзірленген ашық хаттар мен жылы тілектерін сыйлады.
NIS үшін мұндай кездесулер – аға буынға деген құрметті сөзбен ғана емес, шынайы қарым-қатынас арқылы көрсетудің бір жолы. Кейде бір әңгіме мен жүректен шыққан жылы кездесу адамның есінде ұзақ сақталады.