Жаңалықтар
Көкшетаудағы NIS-те 7-сынып оқушыларын мектеп қатарына қабылдау рәсімі өтті
14 қазан 2026 11:36
Көкшетаудағы NIS-тің 130 оқушысы үшін биылғы оқу жылы жаңа кезеңнің басталуымен ерекшеленді. Олардың барлығы «Өркен» білім беру грантының иегері атанып, NIS оқушыларының қатарына қосылды.
Мектеп қатарына қабылдау рәсімі жетінші сынып оқушылары үшін алғашқы ортақ іс-шаралардың бірі болды. Кездесу дәстүрлі NIS әнұранымен басталды. Ол мектеп желісіндегі оқушыларды, ұстаздар мен түлектерді ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіреді. Одан кейін жетінші сынып оқушылары өздерінің шығармашылық өнерлерін ортаға салып, қызығушылықтары мен қабілеттерін көрсетті.
Жаңа мектепке келу – тек жаңа пәндер мен талаптарға үйрену емес. Бұл – жаңа достар табу, топпен жұмыс істеуді үйрену және ұжымдағы өз орныңды қалыптастыру кезеңі. Осындай кездесулер оқушылардың мектеп өміріне тезірек бейімделуіне, қолдау сезінуіне және алғашқы күндерден бастап ортаға сіңісуіне көмектеседі.
Алда жетінші сынып оқушыларын жаңа білім, жобалар, қызықты жаңалықтар мен ортақ жетістіктер күтіп тұр. Енді олар Көкшетаудағы NIS-те білім алып қана қоймай, мектеп қауымдастығының өміріне белсенді араласып, оның тарихын бірге қалыптастырады.