logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

Көкшетаудағы NIS оқушысы «Jas Aqmola» жастар сыйлығының иегері атанды

03 қараша 2026 11:11

Көкшетаудағы NIS оқушысы Ұлағат Нұртас «Jas Aqmola» облыстық жастар сыйлығының «Заманнан озған» номинациясын жеңіп алды. Ол байқауға Veya жобасын ұсынды. Бұл жүйе смартфон арқылы көз түбінің суретін түсіріп, оны жасанды интеллект көмегімен талдауға мүмкіндік береді.

Жобаны жасау идеясы оқушының жеке тәжірибесінен туындаған. Жақындарының арасында көру қабілетіне қатысты мәселелер бар болғандықтан, ол көз ауруларын кеш анықтаудың салдары қаншалықты ауыр болуы мүмкін екенін түсінген.

«Ауру ұзақ уақыт бойы еш белгі бермеуі мүмкін. Ал оны анықтаған кезде көру қабілетінің бір бөлігін қалпына келтіру мүмкін болмай жатады. Көз түбінің суреті арқылы тексеруге болады, бірақ оған қажетті аппараттың құны 14 миллион теңгеден асады әрі мұндай құрылғы барлық жерде бар емес. Сондықтан осындай тексеруді кез келген емханада қолжетімді еткім келді», – дейді Ұлағат.

Veya жүйесі смартфонға орнатылатын арнайы құрылғыдан және жасанды интеллектпен жұмыс істейтін веб-платформадан тұрады. Медицина қызметкері пациенттің көз түбін суретке түсіріп, оны талдау үшін платформаға жүктейді. Алгоритм глаукома, диабеттік ретинопатия және катаракта ауруларының ықтимал белгілерін анықтап, суреттегі күмәнді өзгерістер байқалған тұстарды көрсетеді. Сондай-ақ пациенттің офтальмологқа қаншалықты шұғыл қаралуы керектігін бағалауға көмектеседі.

Әзірлеушінің айтуынша, сурет түсіруге шамамен екі минут, ал оны платформаға жүктеп, нәтижесін алуға тағы бір минуттай уақыт қажет. Жүйені пайдалану үшін арнайы құрылғы орнатылған смартфон мен интернет байланысы жеткілікті. Құрылғының болжамды бағасы – 55 мың теңге.

Жоба Startup Orda 2.0 бағдарламасының инкубациялық кезеңінде қолға алынды. Алдымен команда мәселені зерттеп, дәрігерлермен сөйлесті. Кейін Ұлағат Нұртас пен оның серіктесі Әбілмансұр Төленді смартфонға арналған құрылғы мен нейрондық желіні әзірлеуге кірісті. Жобаның алғашқы жұмыс нұсқасын жасауға шамамен екі ай уақыт кетті. Қазір команда оны жетілдіру жұмысын жалғастырып жатыр.

Жобаны дамытудағы маңызды кезеңдердің бірі – «Центр глаза» клиникасының офтальмологы Аян Смайловпен кеңесу болды. Команда жүйені диабеттік ретинопатиясы бар пациентте сынап көріп, мұндай скринингтің қажеттілігі мен жобаны одан әрі дамыту жолдарын талқылады. Дәрігердің ұсыныстары жүйені жетілдіру барысында ескеріліп жатыр.

Жобаның ғылыми жетекшісі, Көкшетаудағы NIS информатика пәнінің мұғалімі Галия Бегежаева зерттеу жұмысын жүйелеуге, ғылыми еңбекті дайындауға көмектесіп, дәрігермен кездесуді ұйымдастырды. Оның айтуынша, Ұлағат техникалық бөлігін өз бетінше орындаған, ал қалған міндеттерді команда болып атқарған.

Келесі кезеңде команда смартфонға арналған құрылғы мен веб-платформаны жетілдіруді жоспарлап отыр. Одан кейін Ақмола облысындағы бес клиникада пилоттық жобаны іске қосу көзделген. Алдағы уақытта әзірлеушілер қажетті сынақтардан өтіп, медициналық бұйым ретінде сертификат алуды және жүйені тәжірибеге енгізуге дайындауды мақсат етіп отыр.

«Мақсатым – көзді тексеруді қарапайым әрі қолжетімді ету. Сонымен қатар басқа да байқауларға қатысуды жалғастырамыз», – дейді Ұлағат.

Ғылыми жетекшісі Ұлағатты алдына қойған мақсатына табандылықпен ұмтылатын, күрделі міндеттерден қорықпайтын және бір жолы нәтиже шықпаса, басқа шешім іздейтін оқушы ретінде сипаттайды. Болашақта Ұлағат ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект бағыты бойынша білім алуды жоспарлап отыр.