logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

Мұрат Альтаир Алматыдағы жаһандық ЮНЕСКО жастар форумында сөз сөйледі

04 наурыз 2025 10:12

Алматыда алғаш рет ЮНЕСКО-ның ассоциациялары мен клубтарының жаһандық жастар форумы өтті. Оған 60 елден 150-ден астам қатысушы жиналды. Форум спикерлерінің қатарында Көкшетаудағы NIS-тің 12-сынып оқушысы Мұрат Альтаир де болды.

Екі күн бойы ЮНЕСКО қауымдастықтарының өкілдері, сарапшылар, саясаткерлер мен ғалымдар жастардың әлеуетін дамыту, жасанды интеллектті қолдану этикасы, цифрлық технологиялар, тұрақты туризм, климаттың өзгеруі, инклюзия және өнердің білім берудегі рөлі сияқты маңызды тақырыптарды талқылады. Форумның басты мақсаты – 2025–2030 жылдарға арналған ЮНЕСКО қозғалысын дамытудың жоспарын әзірлеу болды.

Альтаир өз тәжірибесімен бөлісіп, ЮНЕСКО жобаларына қатысу арқылы өзге елдердің жастарын да осы бағыттағы бастамаларды дамытуға шабыттандырды. Сонымен қатар, ол Қазақстан мәдениетін таныстырып, Шымбұлақ, Көктөбе, ұлттық тағамдар мен дәстүрлер туралы әңгімеледі.

«Форум маған жас ерекшелігіне шектеу қойылмағандығымен ұнады. Әркім өз ойын еркін жеткізе алады, ал сені міндетті түрде тыңдайды. Мысалы, Франциядағы ЮНЕСКО бас директорының орынбасары бізге арнайы келіп, еркін пікір алмасты. Мен ЮНЕСКО қозғалысына қосылған жолыммен бөлісіп, өзгелерді шабыттандырғаныма қуаныштымын», – дейді Альтаир.

Оны ерекше таңғалдырған жайт – жапондық қатысушымен әңгімесі. Форум барысында ол барлық баяндамалар мен пікірталастарды мұқият жазып отырды. Альтаир одан не себепті барлығын жазып алатынын сұрағанда, ол: «Ал сен неге жазбайсың?» – деп таңдана сұрады. Жапон мәдениетінде оқушылар да, ересектер де маңызды ақпаратты есте сақтау үшін күнделікті жазып отырады. Альтаирдың ойынша, бұл – өте пайдалы дағды және оны білім беру үдерісінің бір бөлігіне айналдыруға болады.

Дүниежүзілік және Қазақстандық ЮНЕСКО клубтары мен ассоциациялары федерациясының президенті Болат Ақшолақов форумның тәжірибе алмасу алаңы ретіндегі маңызын атап өтті. Ол жастардың белсенділігі, түрлі мәдениеттер мен ұрпақтар арасындағы өзара ынтымақтастық пен диалогтың үлкен әрі тиімді өзгерістерге жол ашатынын айтты.