logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

Орал NIS оқушылары «Kazakhstan Smart Space-2025» халықаралық ғарыштық технологиялар жарысында жүлделі орын иеленді.

22 сәуір 2025 17:02

2025 жылдың сәуір айында Алматы қаласында «Kazakhstan Smart Space-2025» атты ғарыштық технологиялар бойынша IV халықаралық жарыс табысты түрде өтті. Аталмыш сайыс – заманауи инженерия мен ғарыш саласындағы жаңа идеялар мен технологиялық шешімдерді ұсынатын жас таланттар үшін маңызды платформаға айналды
Жарысқа Біріккен Араб Әмірліктері, Франция, Түркия, Түрікменстан сынды бірқатар шет мемлекеттерден келген жас өнертапқыштар мен инженерлік бағыттағы оқушылар қатысты. Олар өзара ғылыми жобалар мен инженерлік білім-біліктерін сынға салды, инновациялық шешімдер ұсынды.

Осы беделді халықаралық додаға қатысқан Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9 «С» сынып оқушыларының ұсынған жобасы ерекше көзге түсті. Жарысқа қатысқан команда құрамында:
 Сәлімғали Айша, Бауыржан Әміржан, Муратов Еламан, Мұратқали Ерсұлтан болды.
Команда мүшелері жарыс барысында өз жобаларын жоғары деңгейде қорғап, біліктіліктерін дәлелдей алды. Жаңа идея мен ғылыми ізденістің нәтижесінде олар халықаралық деңгейде жүлделі II орынды иеленді. Бұл — тек қатысушылардың ғана емес, жетекшісінің де қажырлы еңбегінің жемісі.
Бисекенов Медет Есейұлы - NIS Engineering жетекшісі, тәжірибелі тәлімгер, үнемі шәкірттерін ғылымға баулып, үлкен мақсаттарға жетелеп жүрген ұстаз. Әрбір оқушының мүмкіндігін танып, сенім арта білуі – осы жеңістің басты себептерінің бірі. Оның ғылыми бағыттағы еңбегі мен шәкірттеріне деген қамқорлығы баршаға үлгі.

«Kazakhstan Smart Space-2025» секілді халықаралық жарыстар оқушылардың білімін тереңдетіп қана қоймай, олардың болашақ кәсіби бағдарын айқындауға, ғылым мен техника саласына қызығушылығын арттыруға үлкен септігін тигізеді. Мұндай сайыстар еліміздің дарынды жастарының әлеуетін танытуға мүмкіндік береді.

Жүлделі орын иеленген жас ғалымдарымызды және олардың жетекшісін шын жүректен құттықтаймыз! Ғылым жолындағы ізденістеріңіз толастамай, болашақта да биік белестерден көріне беріңіздер!