Жаңалықтар
БІЛІМ КҮНІ: САНАЛЫ ҰРПАҚ - ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ
01 қыркүйек 2026 09:20
Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 1 қыркүйек – Білім күніне орай «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты салтанатты жиын өтті.
Мерекелік іс-шараға мектеп ұжымы, ардагер ұстаздар, Қамқоршылық кеңес мүшелері, оқушылар және ата-аналар, сонымен қатар арнайы қонақ ретінде Облыстық білім басқармасы тәрбие жұмысы және балалар құқығын қорғау бөлімінің басшысы Фарида Ахмадиқызы қатысты.
Биыл білім ордасының 7-сыныбына 148 оқушы қабылданып, зияткерлердің жаңа толқыны қалыптасып отыр. Жас өрендер педагог-ұйымдастырушы-кураторларымен бірге көпшілікке таныстырылып, дәстүрлі шаңырақтар шеруі ұйымдастырылды.
Мектеп директоры Жұлдыз Сапарқызы құттықтау сөзінде оқу орнының жаз мезгілінде қол жеткізген жоғары жетістіктеріне тоқталып, жаңа оқу жылында ұжым мен оқушыларға оңды нәтижелер тіледі. Сондай-ақ 7-сынып ата-аналары атынан Шынар Серікқызы жүрекжарды лебізін білдірді.
Жиында жоғары сынып оқушылары мектеп табалдырығын жаңа аттаған жас өскіндерге мектептің миссиясы, ұстанымы мен құндылықтарына негізделген жүрекжарды тілектерін жеткізіп, NIS-тің белгісін табыстады.
Мектеп өнерпаздарынан құралған «Ғажайып» ансамблі «Жорға» биін назарға ұсынып, Хамзин Әлинұр «Туған жер» әнін шырқады. Ал жаңадан қабылданған болашақ зияткерлер арнайы флешмоб билеп, мерекелік шараның көрігін қыздырды.
Салтанатты жиын соңында конкурс іріктеуінде ең жоғары нәтиже көрсеткен 7-сынып оқушылары Айзере Тыныштық пен Ильхан Мусажанов алғашқы қоңырауды соғу құрметіне ие болды.
Білім күніне орай өткен жиыннан кейін сыныптарда тәрбиелік бағыттағы даму сағаттары өткізілді.
Жаңа оқу жылы жемісті болсын!