logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

Ауыл мектептеріне әдістемелік қолдау: Күршім ауданында семинар өтті

07 ақпан 2025 14:28

Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің әдістемелік көмек тобы «2024–2025 жылдарға арналған ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында Күршім ауданындағы Н. Островский атындағы №4 Күршім орта мектебінің педагогикалық ұжымына арналған әдістемелік семинар ұйымдастырды.

Семинар барысында пән мұғалімдеріне оқу-тәрбие процесін жетілдіруге бағытталған 16 түрлі тақырып бойынша теориялық және тәжірибелік тренингтер өткізілді. Атап айтқанда, оқушылардың тұлғалық құндылықтарын қалыптастыру, пәндер бойынша вертикальді және горизонтальді жоспарлау, авторлық білім беру бағдарламаларын әзірлеу, зертханалық жұмыстар мен STEAM тапсырмаларды дайындау әдістемелері, функционалдық сауаттылықты дамыту мәселелері қарастырылды.

Сонымен қатар, қоғамдық-гуманитарлық бағытта жасанды интеллект платформаларын пайдалану, оқушылардың зерттеушілік дағдыларын дамыту, бағалау жүйесінің заманауи тәсілдері, қазақ әдебиеті мен қазақ тілі, орыс тілі пәндерін оқытудың ерекшеліктері кеңінен талқыланды.

Семинар аясында пән мұғалімдері өзара тәжірибе алмасып, сабақты зерттеу (Lesson Study) және іс-әрекетті зерттеу (Action Research) бағыттарында кері байланыс жүргізді. Оқу процесін тиімді ұйымдастыруға қатысты құнды әдістемелік ұсыныстар беріліп, практикалық маңызы жоғары материалдар ұсынылды.

Аталған семинар ауыл мектептеріне әдістемелік қолдау көрсету, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру және білім беру процесіне инновациялық тәсілдерді енгізу мақсатында ұйымдастырылды. Семинар соңында қатысушылар осындай іс-шаралардың жүйелі түрде өткізілуінің маңыздылығын атап өтті.