logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

«Жүректі жылытар мейірімділік»: V қысқы қайырымдылық балы өтті

13 ақпан 2025 14:34

Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі қауымдастығының ұйымдастыруымен «Жүректі жылытар мейірімділік» атты V қысқы қайырымдылық балы жоғары деңгейде өткізілді. Бұл ерекше мәдени шараға 400-ден астам қатысушы жиналып, мектеп ұстаздары, қызметкерлері, оқушылар және ата-аналар бір шаңырақ астында бас қосты.

Екі жылда бір рет ұйымдастырылатын дәстүрлі бал қатысушылар мен қонақтарға нағыз бал атмосферасын, әсем музыка мен мейірімділікке толы рух сыйлады. Аталған шара биылғы жылдың ең ірі әрі мазмұнды мәдени іс-шараларының біріне айналды.

Бал барысында оқушылар көрермендерге дәстүрлі «Полонез», «Вальс», «Квикстеп» билерін ұсынып, жоғары орындаушылық шеберліктерін көрсетті. Сонымен қатар, мұғалімдер мен мектеп қызметкерлері орындаған «Ұстаздар вальсы» кештің сәнін арттырып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Қайырымдылық кешінің басты ерекшеліктерінің бірі – «DEMEY» оңалту және түзету орталығының емделушілері мен NIS оқушыларының бірлескен шығармашылық концерттік номерлері болды. Бұл әсерлі қойылымдар шараның тәрбиелік және рухани мәнін тереңдете түсті.

Қайырымдылық балы аясында жиналған қаражат «DEMEY» орталығындағы тірек-қимыл аппараты бұзылған 11 емделушіге бағытталды. Ата-аналардың демеушілігінің арқасында әрбір емделушіге 150 000 теңгеден қаржылай көмек көрсетілді. Сонымен қатар, орталыққа ноутбук, принтер және иппотренажер табысталып, оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға үлес қосылды. Бұл игі іс 11 отбасыға үміт сыйлап, олардың жүрегіне қуаныш ұялатты.

Шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылып, табысты өтуіне бас демеуші — «Дастархан» мейрамхана кешенінің (@dastarhan.toy.uka) басшысы Жакиянова Гүлнара Қабдрахманқызы зор қолдау көрсетті. Қайырымдылық шарасына сенім білдіріп, үлкен үлес қосқаны үшін Гүлнара Қабдрахманқызына шын жүректен алғыс білдіреміз.

Қайырымдылық жасау – жүректен шыққан ізгі ниеттің көрінісі. Осындай мейірімділік пен жанашырлыққа толы игі бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп сенеміз.

Фотогалерея

image-