Жаңалықтар
Биология пәнінің мұғалімі Ақмарал Тоқтарбековна «Педагогикалық идеялар фестивалінің» 2 дәрежелі диплом иегері атанды
14 қаңтар 2025 11:05
Өскемендегі химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің биология пәнінің мұғалім-модераторы Акмарал Токтарбековна Токтарбекова биология пәні бойынша Алматы қаласының Сүлейман Демирел университетінде 10-11 қаңтар аралығында өткен республикалық «Педагогикалық идеялар фестиваліне» қатысып, 2-дәрежелі дипломмен марапатталды.
«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған фестивальде Акмарал Токтарбековна «Project-Based Learning» (PBL) моделінде BarCamp әдісін қолдану арқылы биологиялық үдерістерді талдау мүмкіндіктерін зерттеген жобасын ұсынды. Бұл әдіс оқушылардың ақпаратты жинақтау, талдау және идеяларды дәлелдеу дағдыларын дамытуға бағытталған. Мұғалімнің негізгі мақсаты — оқушылардың метакогнитивті дағдыларын жетілдіре отырып, олардың сыни ойлау қабілеттерін арттыру.
13 жылдық еңбек өтілі бар білікті маман Акмарал Токтарбекова фестивальда өз жұмысын TEDх форматында ұсына отырып, білім беру саласында инновациялық әдістердің қолданылуының маңыздылығын көрсетіп, оқушылардың оқу сапасын арттыруда жаңа мүмкіндіктер ашты.
Ақмарал Тоқтарбеквонаның ғылыми жұмысындағы жаңашылдық пен білім беру үдерісіне енгізілген инновациялық тәсілдері жоғары бағаланып, педагогика саласындағы әдістемелік құндылығын айқындап оны тәжірибеде кеңінен қолдану маңызды екенін көрсетті.