Жаңалықтар
Алия Қожасейітова – Катардағы Northwestern University студенті!
17 қаңтар 2025 09:43
Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12“А” сынып оқушы Алия Кожасеитова үлкен жетістікке қол жеткізіп, Катардағы Нортвестерн университетіне қабылданды. Алияның ғылыми және шығармашылық қабілеттері, сондай-ақ көп жылғы еңбегі мен талпынысы осы жоғары оқу орнына түсуіне мүмкіндік берді.
Алия Кожасеитова университетке түсу үшін өзінің академиялық қабілеттерін көрсетіп, IELTS емтиханынан 8.0 балл, SAT емтиханынан 1430 балл жинады. Бұл – өте жоғары көрсеткіштер, әсіресе шетелдік жоғары оқу орындары үшін өте маңызды. Алияның жетістіктері тек оның білім деңгейін емес, сондай-ақ әлемдік стандарттарға сай келетін дайындық пен еңбекқорлықты да айқындайды.
Нортвестерн университеті (Катар) (Northwestern University in Qatar) – әлемнің ең үздік университеттерінің бірі және Катардағы топ-10 оқу орындарының қатарына кіреді. Университет Қатардың астанасы Доха қаласында орналасқан және өзінің сапалы білім беру бағдарламаларымен танымал. Алияның таңдаған мамандығы – журналистика. Бұл сала қазіргі заманда өте маңызды әрі сұранысқа ие және журналистика бағдарламасы әлемдік деңгейде өте танымал.
Нортвестерн университетінің Катардағы филиалы жоғары деңгейде білім берумен қатар, студенттерге халықаралық тәжірибе мен заманауи технологияларды пайдалану мүмкіндігін ұсынады. Журналистика мен медиа саласы бойынша берілетін білімдер студенттерді болашақтағы мамандықтарына дайындауға бағытталған. Алия үшін бұл оқу орнының өзі үлкен мүмкіндік болып табылады, өйткені ол халықаралық деңгейде білім алып, өзінің журналистика саласындағы мансабын дамытуды көздейді.
Алияның Нортвестерн университетіне түсуі – мектептің білім беру сапасының дәлелі әрі мақтанышы. Алияның болашақта журналистика саласында зор жетістіктерге жететініне ешқандай күмән жоқ. Алия Кожасеитоваға алдағы уақытта оқу мен жұмыста үлкен жетістіктер тілейміз!