logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

NIS Өскемен оқушылары ғылыми жобалары үшін авторлық құқық куәлігін алды!

21 қаңтар 2025 12:35

Өскемендегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Айша Ташкенова 11 «С» сыныбы және Жансая Сейткумарова 12 «С» сыныбы, жетекшілері биология пәні мұғалімдері Жайнагуль Сайпульмулюковна Катпенова және Акмарал Токтарбековна Токтарбекова, ғылыми жетекшісі Қыдырмолла Ақатанмен бірге, PhD докторы (Аманжолов университеті) "Аққалқан кен орны бентонитінің негізіндегі озық ауылшаруашылық өнімі арқылы астық мөлшерін көбейту"жобасының авторлық құқық куәлігіне ие болды.

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан өңірінде табылған Аққалқан бентониті туралы жүргізілген зерттеу жұмысы ауыл шаруашылығындағы жаңа әдістер мен материалдарды қолданудың үлкен мүмкіндіктерін ашады.

Зерттеу жұмысының басты мақсаты — Аққалқан бентонитінің физикалық және химиялық қасиеттерін зерттеп, оның ауыл шаруашылығында қолданылу мүмкіндіктерін анықтау болды. Атап айтқанда, зерттеу барысында бентониттің топырақтың құнарлылығын арттырып, астық өнімділігін жоғарылатуға әсері қарастырылды.

Зерттеу барысында бентонит қосылған ерітіндімен өңделген дәндер бақылау тобына қарағанда 10%-ға көп өнім беріп, тамыр жүйесінің дамуы 20%-ға артқан. Бұл нәтижелер бентониттің ауыл шаруашылығында астық өнімділігін арттыру үшін маңызды материал екенін көрсетеді.

Аққалқан бентониті — экологиялық таза және тиімді материал. Оның қолданылуы әсіресе су тапшылығы бар аймақтарда маңызды, себебі ол топырақтың ылғалды сақтау қабілетін күшейтіп, су ресурстарын үнемдеуге мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелері бентониттің ауыл шаруашылығында тыңайтқыш ретінде кеңінен қолданылуының үлкен перспективасы бар екенін көрсетеді.

Бұл зерттеу ауыл шаруашылығында жаңа тиімді әдістерді қолдану арқылы астық өнімділігін арттыруға және экологиялық мәселелерді шешуге көмектесетін маңызды қадам болып табылады. Бентониттің қасиеттері мен оның ауыл шаруашылығында қолданылу мүмкіндіктері ғылыми және практикалық тұрғыда үлкен мәнге ие болып отыр.