Жаңалықтар
Оқушылар Өзбекстанның Ферғана қаласындағы Президенттік мектепке іссапармен барды
04 сәуір 2025 14:24
Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Мерей Сатыбалдина, Зере Ілияс, Ольга Эсауленко, Асанәлі Күзембай, Рауан Еркін, Рамазан Ерубай және Ансар Смагулов Өзбекстанның Ферғана қаласындағы Президенттік мектепке іссапармен барды.
Іссапар барысында Ферғана қаласындағы Президенттік мектеп пен Назарбаев Зияткерлік мектебі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумның негізгі мақсаты — білім беру процесінде серіктестік қарым-қатынастар орнату, оқу және практикалық сабақтарды өткізу тәжірибесімен алмасу, оқушылар арасында бәсекеге қабілетті орта қалыптастыру, сондай-ақ халықаралық олимпиадалар мен байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізу.
Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Ферғана қаласындағы Президенттік мектептегі оқу сабақтарына кіріп, білім беру процесімен танысты. Сондай-ақ, олар халықаралық MUN конференциясына қатысып, «Жаһандық жеткізілім тізбегіндегі қазіргі замандағы құлдықты анықтау және алдын алу» тақырыбында сөз сөйледі. Конференцияда Қазақстан, АҚШ, Жапония, Нидерланд, Франция, Ресей және Испания сияқты елдерді таныстырды.
9B сыныбының оқушысы Зере Ілияс ерекше атап өтіліп, «Үздік делегат» номинациясымен марапатталды.
Ынтымақтастықты нығайту мақсатында Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде конференция ұйымдастыру жоспарлануда.