logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

"Ақылды көзілдірік" жобасы жүлделі орынға ие болды

04 қараша 2025 11:22

Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Жанкелді Дәрменов «ITMLab 2.0» жобасында бастаманы жүзеге асырудағы белсенді еңбегі үшін 600 000 теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды.

Алматы қаласында өткен байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам жас өнертапқыш қатысты.

Жанкелді физика пәні мұғалімі Әсел Кәрібжанованың жетекшілігімен көру қабілеті төмен адамдарға арналған жасанды интеллект көмегі бар «ақылды көзілдірік» жасап шығарды.

– Бұл инновациялық жүйе пайдаланушылардың қозғалысын жеңілдетіп, қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін арттыруға бағытталған. Жоба дәстүрлі ақ таяқшаның шектеулерін еңсеруге мүмкіндік береді, себебі таяқша тек бір бағыттағы кедергілерді анықтайды және белден жоғары нысандарды сезе алмайды, – дейді жоба авторы Жанкелді Дәрменов.

Жобаның ғылыми жаңашылдығы — сенсорлық біріктіру (Sensor Fusion) технологиясын қолдануында. Бұл жүйе қашықтықты дәл анықтау үшін екі ультрадыбыстық датчикті (0,2–1,0 метр аралығында) және компьютерлік көру функциясы бар камераны біріктіреді. Камера арқылы анықталған объектілерді жасанды интеллект өңдеп, олардың түрін ажыратады.
Мысалы, жүйе баспалдақты бағаннан немесе құбырдан ажырата алады.

Құрылғы арнайы мобильді қосымшамен біріктірілген. Қолданушы дауыстық басқару, GPS навигациясы, оңтайлы бағыт құру, сондай-ақ маңындағы мәтіндер мен маңдайшаларды оқу функцияларын пайдалана алады.

«ITMLab» жобасы ITeachMe қорының бастамасымен, Chevron компаниясының Еуразиялық бөлімшесімен серіктестікте, және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.

Байқаудың басты мақсаты — мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған инновациялық IT-шешімдер мен реабилитациялық құралдарды дамыту.