Жаңалықтар
Ауыл мектептеріне қолдау
08 желтоқсан 2025 14:16
Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагогтері тірек мектептерге барып, тәжірибе таратуды жалғастыруда. Іссапар биыл «Ауылдық тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасына жаңадан қосылған Железин ауданының «№2 жалпы білім беру мектебі», Шарбақты ауданының «Абай Құнанбаев атындағы жалпы орта білім беру мектебі», Ақсу қаласының «Абай атындағы жалпы орта білім беру мектебі» және Успен ауданының «А.Байтұрсынұлы атындағы жалпы орта білім беру мектебінен» басталды.
Жобаның негізгі мақсаты – қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту, ауыл оқушыларына сапалы қосымша білім алуға, олимпиадалар мен түрлі байқауларға дайындалуға мүмкіндік беру.
Іссапар барысында NIS педагогтері аталған мектептердің сабақтарына қатысып, семинарлар өткізді. Кездесу кезінде мұғалімдер өзара тәжірибе алмасып, жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану бағытында пікір алмасты. Сонымен қатар білім сапасын арттыруға қатысты маңызды мәселелер талқыланып, кәсіби дамуға бағытталған пайдалы ұсыныстар берілді.
Сонымен бірге Павлодар қаласындағы NIS-де дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Bookcrossing» жобасы аясында жаңадан қосылған тірек мектептеріне 315 кітап табысталды. Жобаның мақсаты — кітап оқуды насихаттау, оқушылардың оқу мәдениетін қалыптастыру, сөздік қорын байыту, дүниетанымын кеңейту және сыни ойлау қабілетін дамыту.
Айта кетерлігі, Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі бірнеше жыл бойы облыстағы тағы жеті мектеппен тұрақты түрде тәжірибе алмасып келеді. Алдағы уақытта да әр мектепке іссапарлар ұйымдастыру жоспарланған.
Тәжірибе тарату жұмыстары «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасын әдістемелік қолдау аясында жүзеге асырылуда. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, «Қазақстан халқына» қоры және «Білім беруді тұрақты дамыту Қоры» бірлесіп іске асырып отырған бұл жоба ауыл балаларына сапалы білім алуда тең мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған.