Жаңалықтар
INFOMATRIX-ASIA 2026
31 наурыз 2026 12:02
Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «INFOMATRIX ASIA 2026» халықаралық конкурсында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, жүлделі орындарға ие болды.
12-сынып оқушысы Даниял Алданов алтын медаль жеңіп алса, 11-сынып оқушылары Тоғжан Мауафик пен Асылжан Шертаева күміс жүлдені иеленді.
Даниял Алданов ұсынған FluentFlow жобасы — IELTS емтиханының Speaking бөліміне арналған жасанды интеллект негізіндегі симулятор. Жоба пайдаланушылармен толыққанды сынақ сұхбатын жүргізіп, жауаптарды негізгі критерийлер бойынша бағалайды, қателерді анықтап, оларды жақсарту жолдарын ұсынады. Бағалау дәлдігінің орташа қателігі небәрі 7%-ды құрайды. Қатысушылардың оң пікірлері жобаның жоғары сапасын көрсетеді.
Ал Тоғжан Мауафик пен Асылжан Шертаева «Сәби сөзі» атты инновациялық мобильді қосымшаны таныстырды. Бұл — қазақ тіліндегі алғашқы жасанды интеллектке негізделген, балалардың сөйлеу дамуын скринингтеуге және қолдауға арналған қосымша. «Сәби сөзі» ерте жастағы тіл дамуын кешенді түрде қолдайтын цифрлық экожүйе болып табылады. Ол үш негізгі компонентті біріктіреді: – сөйлеу дағдыларын AI арқылы скринингтеу және бағалау; – интерактивті сөйлеу жаттығулары; – телемедицина арқылы кәсіби мамандарға жедел қол жеткізу. Барлық қызметтер смартфон немесе планшет арқылы бір платформада қолжетімді.
«INFOMATRIX ASIA» — ақпараттық технологиялар саласындағы ең ірі халықаралық жарыстардың бірі. Бұл байқауда жас әзірлеушілер, дизайнерлер және стартаперлер өз жобаларын ұсынып, «Стартап» санатында идеяның өзектілігі, экономикалық тиімділігі, прототип сапасы және жобаны кәсіби түрде таныстыру деңгейі бойынша бағаланады.