Жаңалықтар
Ақ жол саған, жас түлек!
29 мамыр 2026 12:29
Бүгін Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 2025–2026 оқу жылының соңғы қоңырауы соғылды.
Биыл білім ордасының 127 түлегі алтын ұя мектебімен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты. Мерекелік жиында мектеп директоры Жанар Умбетаева оқушыларды, ата-аналар мен педагогтерді оқу жылының аяқталуымен құттықтап, түлектерге ақ жол тіледі.
Өткен оқу жылы жетістіктерге толы болды. Мектеп оқушылары республикалық және халықаралық олимпиадаларда, ғылыми жобалар байқауларында және түрлі зияткерлік жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, мектеп мерейін асқақтатты. Салтанатты жиын барысында оқу жылын үздік аяқтаған оқушылар мен білім додаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды.
Соңғы қоңырау шарасында түлектердің ата-аналары мектеп ұжымына алғыс білдіріп, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған балаларына жүрекжарды тілектерін арнады.
Оқу жылының қорытындысы бойынша «Үздік шаңырақ» номинациясын «Алау» шаңырағы жеңіп алды. Жеңімпаз командаға «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясына жолдама табысталды.
Мерекелік жиын түлектердің алты жыл бойы білім алған мектебіне арналған әсерлі лебіздерімен жалғасты. Дәстүрлі түлектер вальсінен кейін соңғы қоңырау соғу құрметі түрлі олимпиадалардың жеңімпазы мен жүлдегері, «Алтын белгіге» үміткер, сондай-ақ жасанды интеллект бағыты бойынша Әбу-Дабидегі университеттің толық грантын иеленген Арман Баймағамбетке және SAT емтиханынан жоғары нәтиже көрсеткен, «Алтын белгі» иегері, бірнеше олимпиаданың жүлдегері Айғаным Галимоваға берілді.
Соңғы қоңырау – мектеп өміріндегі маңызды белес. Бұл күн түлектер үшін жаңа мүмкіндіктерге бастар жолдың бастауы болып, олардың жүрегінде жарқын естелік ретінде сақталары сөзсіз.