Жаңалықтар
Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған ауқымды мектепішілік жоба сахналық қойылымдар байқауымен аяқталды
30 сәуір 2025 13:52
Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған ауқымды мектепішілік жоба сахналық қойылымдар байқауымен аяқталды. Оқу жылының өне бойында мектепте “Абай – ақынның ақыны” атты іс-шаралар легі өтіп, барша оқушылар ақын мұрасын зертеп-зерделеуге жұмылдырылды.
Жобаның соңғы кезеңі – театрландырылған қойылымдар байқауына әр шаңырақ музыкалық-драмалық шығарма дайындады. Оқушылар сахналық туындыларын әзірлеуге асқан шығармашылық және жауапкершілікпен кірісіп, біраз жұмыс тындырды. Сахнаға шыққан әр кейіпкердің костюмі, гримі, актерлік ойыны мұқият пысықталып, арнайы эффектілер, декорация мен драмалық элементтер де шебер пайдаланылды.
Байқаудың бас жүлдесін “Мағжан Жұмабаев” шаңырағының оқушылары алды. Бірінші орынды “Шоқан Уәлиханов” шаңырағы иеленді. Екінші орынға “Жалын” және “Сафуан Шаймерденов” шаңырақтарының оқушылары жайғасты. Қазылар алқасы үшінші орынды “Ұрпақ”, “Аяған Шәжімбаев” және “Сәбит Мұқанов” шаңырақтарына табыс етті.
Байқау ауқымды мерейтойлық жобаның жарқын финалы ғана емес, сонымен қатар театрдың, шығармашылықтың және Абайдың ұлы мұрасына деген сүйіспеншіліктің нағыз мерекесіне айналды.