logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

Петропавлдық NIS ауыл мектептеріне әдістемелік қолдау көрсете бастады

19 қыркүйек 2025 13:00

Солтүстік Қазақстан облысының шалғай ауылдарындағы 13 тірек мектеп пен 39 шағын жинақты магнитті мектеп «Цифрлық технологияларды қолдану арқылы шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасына енді. Бастаманы облыс әкімдігі, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, «Қазақстан халқына» қоры және Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры бірлесіп жүзеге асыруда. Жоба аясында аталған білім ордаларының материалдық-техникалық базасы жаңартылады және Зияткерлік мектептерден әдістемелік қолдау алады.

Осы бастама аясында Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде аймақтық семинар-кеңес өтті. Шараға өңірдің 100-ден астам мектебінің басшылары, білім басқармасы мен әдістемелік кабинеттердің өкілдері қатысты. Ал 500-ге жуық ауыл мұғалімі шараға қашықтан қосылды.

Семинарда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің мамандары өз баяндамаларын ұсынып, тәжірибе бөлісті. Петропавлдағы NIS директоры Виктор Сосин Зияткерлік мектептердегі инновациялық орталықтардың аймақтық білім сапасын арттырудағы рөлін баяндады.

Жаңа жоба аясында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің сарапшылары 3500-ден астам оқушының оқу жетістіктерін бағалауды жүзеге асырады. 4 және 8-сынып оқушылары негізгі пәндерден тест тапсырады, ал 13–15 жас аралығындағы жасөспірімдердің оқу, математикалық және жаратылыстану сауаттылығы PISA халықаралық стандарты бойынша бағаланады. Әр мектеп пен әр оқушыға жеке есеп ұсынылып, білім сапасын жақсартуға арналған нақты шараларды анықтауға мүмкіндік беріледі.

Сонымен қатар NIS өкілдері 422 мектеп басшысы мен олардың орынбасарларына психометриялық тестілеу жүргізеді. Бұл олардың басқарушылық құзыреттерін бағалап, кәсіби дамуға бағытталған арнайы бағдарламалар әзірлеуге негіз болады. Мұғалімдер үшін курстар, семинарлар, вебинарлар мен тағылымдамалар ұйымдастырылады. Оқыту аяқталғаннан кейін де педагогтерге әдістемелік қолдау мен кеңес беру жалғасады.

Жоба 2025 жылдың соңына дейін жүзеге асып, Солтүстік Қазақстандағы ауыл мектептері үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.