Жаңалықтар
Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде Мұғалімдер күні аталып өтті
03 қазан 2025 11:40
Петропавл қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Мұғалімдер күніне арналған мерекелік шара өтті.
Таңертеңнен бастап ұстаздарды оқушылар ыстық сусындармен, әуезді әнмен, қошемет дәне ыстық ықыласпен қарсы алды. Күні бойы мұғалімдер ризашылық пен қуаныштың ерекше атмосферасына бөленді. Өйткені, олар бір сәтке өздерінің мектеп жылдарына оралып, оқушы болып партаға отырып, балалық шақтың бейқам кезеңдерін еске алды.
Түстен кейін ұстаздарға арналып мерекелік концерт ұйымдастырылды. Сахнада мектептің домбырашылары, әншілері мен би ұжымдары өнер көрсетті. Әсіресе, мектеп жайдарманшыларының көңілді әзілдері ұстаздарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Дәстүр бойынша бұл күні кәсіби жетістіктерімен көзге түскен ұстаздар марапатталды. Оларға Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды.
Мұғалімдер күні NIS Петропавлда шынайы ризашылық пен құрмет мерекесіне айналып, оқушылар мен ұстаздарды жылы әрі достық сезімде біріктірді.