Жаңалықтар
Петропавлдық зияткерлер Республика күніне арналған домбырашылар флешмобын өткізді
24 қазан 2025 17:27
Петропавлдық зияткерлер Республика күніне арналған домбырашылар флешмобын өткізді
Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Республика күніне орай «Ұлт рухы – домбыра үні» атты ерекше домбырашылар флешмобын ұйымдастырды. Дәстүрге айналған бұл мерекелік шара биыл да «Dostyq Mall» ойын-сауық кешенінде өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары оқушылардың өнерін тамашалап, ұлттық рух пен мерекелік көңіл-күйге бөленді.
Осыдан 35 жыл бұрын, 25 қазан күні, Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған болатын. Бұл күн – ел тарихындағы тәуелсіздіктің бастауы, ұлттық рухтың жаңғыру символы.
Мерекеге орай, Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінің 100 оқушысы ортаға шығып, домбыра тартып, ән шырқап, би билеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Дарынды оқушылар халық күйлері мен атақты сазгерлердің шығармаларын орындады: олардың ішінде «Кеңес күйі», Құрманғазының «Балбырауыны», Н. Тілендиевтің «Ата толғауы», Б. Әбеновтың «Желдірмесі», «Тепенкөк», «Келіншек», А. Райымбергеновтың «Секіртпесі», Д. Нұрпейісованың «Науаи» күйі, Ж. Еңсеповтың «Әке толғауы», Құрманғазының «Адайы», Қазанғаптың «Шынаяқ тастар», Дәулеткерейдің «Көроғлы» және халық күйі «Салкүрең» бар.
Бір сағатқа созылған концерт барысында оқушылар тек күй тартып қана қоймай, жетігенде ойнап, әсем би билеп, халық әндерін орындап, көрермендердің зор қошеметіне бөленді.
Бұл шара қала тұрғындары үшін ерекше сый болды. Ұлттық мәдениет пен ел рухын дәріптеген әсерлі концерт Петропавл қаласындағы Республика күніне арналған мерекелік шаралардың шымылдығын ашты.