Жаңалықтар
Петропавлдық NIS-тің 10 жылдық мерейтойына орай ғылыми-практикалық конференция өтті
22 қараша 2025 14:04
Петропавл қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Халықаралық сапа стандарттары мен цифрлық технологияларды мектептің білім беру жүйесіне интеграциялау» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Шара білім ошағының 10 жылдық мерейтойына арналды.
Конференцияға Солтүстік Қазақстан облысының қалалық және ауылдық мектептердің директорлары, Көкшетау және Өскемен қалаларындағы NIS мектептерінің басшылары, облыстың білім басқармасы, педагогикалық шеберлік орталығының өкілдері, ғалымдар және өңір педагогтері қатысты.
Пленарлық бөлімде спикерлер цифрлық мәдениет, ХХІ ғасырдың негізгі дағдылары, сапаны басқару және білім беру трендтері туралы пікір алмасты.
Пленарлық жиыннан кейін жұмыс тоғыз секцияда жалғасты. Әр секцияда мектеп мұғалімдерінің нақты кейстері, инновациялық әдістері мен озық педагогикалық тәжірибелері талқыланды. Қатысушылар мектепті стратегиялық басқару, цифрлық трансформацияның мүмкіндіктері, мұғалімдердің зерттеушілік құзыреттілігі, саралап оқыту, дарындылықты дамыту, мектеп ортасының әл-ауқаты және бағалау жүйесі туралы өзара тәжірибе алмасты.
Конференция өңір педагогтері мен NIS арасында тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналды. Қатысушылар секциялардың практикалық маңызын, мектептің ашықтығын және өңір білім беру жүйесін дамытудағы тәжірибе таратудың орнын ерекше атап өтті.
Мерейтойлық шара NIS Петропавл мектебінің инновациялар мен кәсіби дамудың орталығы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.