Жаңалықтар
“Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе” атты шаңырақ сағаттары мәресіне жетті
28 ақпан 2025 10:10
Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде шаңырақтар арасындағы “Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе” атты шаңырақ сағаттары мәресіне жетті. Соңғы шараны “Мағжан Жұмабаев” шаңырағының оқушылары ұйымдастырды. Аталған шаңырақ сағаттары қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған мектепішілік іс-шаралар жоспарының аясында өтті.
Шаңырақ оқушылары шараға мұқият дайындалған. 7-8 сынып оқушылары Абай шығармаларының негізінде өз суреттерін салса, 11 сынып оқушылары ақынның шығармалары бойынша рефлексия жинағын құрастырды. Іс-шараның өзінде қатысушылар топтарға бөлініп, Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін талдап, олардың мәні мен өзектілігін постер түрінде таныстырды.
Шараға шаңырақтың ата-аналары да қатысып, олар да талқылауға қосылды. Шаңырақ сағаты қазақтың ұлы ақыны мен ойшылының мұрасын тереңірек түсінуге мүмкіндік берды. Іс-шараны педагог-ұйымдастырушы-куратор Сәуле Уәлиева ұйымдастырды.