Жаңалықтар
NIS Қарағанды оқушысы El Umiti Cup 2026 ұлттық дебат турнирінің жеңімпазы атанды
02 қараша 2026 15:33
Қарағанды қаласындағы жаратылыстану-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Алмаз Аида «El Umiti Cup 2026» ұлттық дебат гранд-турнирінде жүлделі орынға ие болды.
«El Umiti Cup 2026» турниріне Қазақстанның 20 өңірінен 200 үздік дебатшы қатысты. Қатысушылар қазақ және ағылшын тілдеріндегі лигаларда бақ сынап, дәлел келтіру, сыни ойлау және шешендік өнер дағдыларын көрсетті. Алмаз Аида ағылшын тіліндегі лигада жеңімпаз атанып, құрметті I орынды иеленді.
«El Umiti Cup» дебат турнирі 2021 жылдан бері өткізіліп келеді және мектеп оқушылары арасындағы ең ауқымды республикалық жарыстардың қатарына кіреді. Турнирдің басты мақсаты — оқушылардың сыни ойлау қабілетін, өз ұстанымын дәлелді түрде қорғау және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамыту, сондай-ақ көшбасшылық қасиеттерін қалыптастырып, зияткерлік әлеуетін ашу.
Жарысты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, «El Umiti» корпоративтік қорының және InVision U университетінің қолдауымен «Дебат Елі» қоғамдық қоры ұйымдастырады. Турнирдің маңызды мүмкіндіктерінің бірі — университет тарапынан жеңімпаздар мен ерекше көзге түскен қатысушыларға білім беру гранттарының берілуі. Бұл олардың алдағы академиялық және кәсіби дамуына жол ашады.