logo
Басты бет NIS-те жұмыс істеу Жаңалықтар
banner

Жаңалықтар

Білім көзі – кітапта

12 наурыз 2025 15:29

Соңғы кезде қандай кітап оқып жүрсіз, құрметті оқырман?

Адамның жүрегін, санасын, ақылын байытып, дүниетанымын кеңейтетін кітаптың адам өмірінде алатын орны ерекше екені ешқандай дау туғызбаса керек. «Жақсы кітап – адал дос, ақыл, жолдас» деген қанатты сөз тегін айтылмаған. Осы орайда «NIS қауымдастығының» бастамасымен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы наурыз айынан бастап «NIS бірге оқиық» жаңа жобасын бастады. Қызылорда қ. НЗМ-нің озық тәжірибесі арқау болған бастаманы Қарағанды қаласындағы ХББ Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы да қолдап, Шерхан Мұртазаның «Интернат наны» әңгімесін оқып, түрлі іс-шаралар өткізу арқылы игілікті іске өз үлестерін қосты.

       Кітап оқуды «ми жаттығуы» деп те атайды. Шынымен де шығармашылық жұмыс адамның ойлау жүйесінің жақсаруына, қиялының дамуына, сөздік қорының артуына ықпал ететінін оқушылар жақсы түсінеді. Наурыздың               6 жұлдызында әңгімеден алған әсерлері бойынша әдеби эссе жазуға                           9-сыныптардан барлығы 53 оқушы қатысты. Әдеби эссе жазу тапсырмасына   үш түрлі таңдау тақырыбы ұсынылды. Көркем туындыда көтерілген мәселені анықтау; дереккөздерден алынған факті мен көзқарастарды қолданып, автор шеберлігін талдау, өзіндік көзқарасын білдіріп бағалау, сауатты жазу сияқты т.б. талаптарға сай болуы тиіс жазба жұмысын аз сөзге көп мағына сыйғыза отырып орындау оқушыларға оңайға түскен жоқ. Тағдырдың ауыр сынағы бастарына түсіп, жатар алдындағы арманы бір тілім нан болған интернат тәрбиеленушілерінің ауыр тағдырын сезіне, өз басынан ойша өткеріп, автор шеберлігін талдау, сөздерді мағынасына сай қолданып жазу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін үлкен өнер. Дегенмен жүзден озған жүйрікті анықтау барысында ұтымды ой, ұтқыр идеялардың куәсі болдық. Оқушылардың дені әңгімеде көтерілген мәселені автордың бұған дейін оқыған «Жүз жылдық жара» әңгімесі, «Бесеудің хаты» драмасындағы халық басына түскен ауыртпалықтармен байланыстырып, тарихи жағдайды аша алған. Сыныпта қосымша оқыған М.Мағауиннің  «Бір уыс бидай» әңгімесінен дәлел келтірген оқушы да бар. Әсіресе «Автор интернат балаларының бірлігін шебер көрсете алды. Меңгерушіге ешқандай шағым айтпай, соңында тамақты бөлісіп жегендері менің жүрегімді елжіретіп жіберді», «Олар өмірдің ащы шындығына ерте қадам басты», «Әңгіме моральдік ұстанымдарға ғана үйретпей, нан мен азықты да  қадірлеуге үйретеді», «Ең бастысы – құрмет, ізет және бір-бірін түсіне білу», «Тістем нанның қадірін, тарыққанда білерсің. Анық достың қадірін зарыққанда білерсің» деген мақал шығарманың идеясын айқын көрсете алды», т.б. талдаулар оқушылардың әңгіме мазмұнын түсініп қана қоймай, оқырманның санасына сәуле енгізіп, тұшымды сөз, тапқыр ой айта білуімен сүйсіндірді. Эссе түрлерінің ішіндегі ең күрделісі саналатын әдеби эссе жазу тапсырмасының қорытындысында жеңімпаздар анықталып, Бас жүлдеге 9«А» сынып оқушысы, Республикалық «Үздік оқырман» байқауының жеңімпазы Оспанова Наргиз, 1-орынға 9«В» сынып оқушысы Калмурзаева Назерке лайық деп танылды. Жүлделі 2-орынды Сереканова Аяжан /9 «А» сынып/, Ахмед Айза /9 «В» сынып/ иеленсе; 3-орынды Асқарбек Нариман /9«А» сынып/, Хасенов Т, Серікбек Айым  /9«В» сынып/ бөлісті.

      Сайып келгенде, әр адам кітап бетін ашқан сайын оның әлемінің тылсым табиғатын түсінеді. Кітаппен достасқан сайын адамның ақылы толысып, рухани жан дүниесін кемелденіп, парасатты бола түседі. Осыны ұмытпаңыз, жас оқырман!

 

                      Есенжолова А.О, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Фотогалерея

image-
image-
image-