Жаңалықтар
Қостанайдағы NIS-тің 10 жылдық мерейтойы аясында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма Төрағасының орынбасары Сабыржан Сәдуақасов оқушылардың тың жобаларымен танысты.
11 желтоқсан 2024 10:00
Оқушылар «TabQorTech», «Dream Toy», «Kazmentor», «Qazaq Oriented Language», «Qoldan» сияқты цифрлық әзірлемелерін ұсынды. Олар жобаларды жасауға не түрткі болғанын айтып, әр жұмыстың практикалық маңызы туралы егжей-тегжейлі баяндады.
Ерекше қызығушылық тудырған жобалардың бірі – Адильхан Тубулбаев, Дильназ Шакирова және Азалия Молдыбаева бірлесіп жасаған «Kazmentor» ойындық білім беру платформасы. Аталған ойынның негізінде физиканы геймификация арқылы оқыту идеясы жатыр. «Kazmentor»-дың басты ерекшелігі – платформада қолданылатын жасанды интеллект оқу бағдарламасына сәйкес шынайы жағдайлардың симуляциясын жасауға қабілетті. Интерактивті квесттер оқушылардың алған білімдерін практикада қолдану дағдыларын дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар, тарихи кейіпкерлер оқушыларға болашаққа бағытталған кеңестер береді. Айта кетерлігі, бұл платформа бейімделген оқытуды, оқушылардың жеке даму траекториясын қалыптастыруды және күрделі тақырыптарға деген қызығушылықты арттыруды қамтамасыз етуге зор мүмкіндік береді.