Жаңалықтар
«Ұлы дала мұрасы»: Қостанайдағы Л. Н. Толстой атындағы кітапханада NIS оқушыларының шығармашылық көрмесі өтті
22 сәуір 2025 16:18
Қостанай облыстық Л. Н. Толстой атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында «Кітапхана түні» аясында «Ұлы дала мұрасы» атты тақырыптық көрме өтті.
Көрмеде ұлттық тақырыпта орындалған 30-дан астам туынды қойылды. Экспозицияда портрет, натюрморт, тақырыптық картина, киізден жасалған кәдесыйлар, панно, әшекей бұйымдар жиынтығы, тақия және басқа да қолөнер туындылары ұсынылды.
Мысалы, Цхай София қазақстандық жазушылардың шығармаларындағы басты кейіпкерлерге арналған әйел портреттер сериясын ұсынды: «Айман-Шолпан», «Ботагөз», «Ұлпан», «Қамар сұлу». Туындылар акрил және пастель техникасында орындалған.
Ищанов Таир графика техникасында «Бүркітші», «Ботақан», «Томирис» атты статикалық портреттерді орындады. Мирамова Жанэлла Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» әңгімесіне, Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романына және Ілияс Есенберлин шығармаларына арналған графикалық иллюстрациялар сериясын жасады.
Құрғанбекова Дариға сүйікті әжесінің жастық шағындағы портретін акварель техникасында бейнеледі. Ал Кенжебекова Назираның «ши тоқу» техникасындағы еңбектері жүн жіптердің ашық түстерімен көз тартады.
Фелтинг техникасында орындалған Өмірбай Іңкәрдің ұлттық әшекей бұйымдары нақыштылығымен және нәзіктігімен ерекшеленді.
Қостанай қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары — республикалық және халықаралық деңгейдегі байқаулар мен олимпиадалардың бірнеше мәрте қатысушылары. Олардың жетістіктері қатарында ЮНЕСКО Қазақстан ұйымдастырған «Теңдікке бірге» республикалық байқауы, «Күз ғажайыптары» халықаралық сурет байқауы, «Уақыт сақшылары», «Хрустальная палитра» атты NIS қауымдастығының арт-фестивалі, «Отан қорғаушылар күні» атты республикалық көпжанрлы байқау және тағы басқалары бар.
Мектепте Динара Сәгидуқасқызының жетекшілігімен «Қолөнер» үйірмесі жұмыс істейді, онда оқушылар «ши тоқу», «киіз басу» сияқты көне қолөнер түрлерін меңгереді. Ал бейнелеу өнері сабақтарында олар этностильде шығармашылық жұмыстар жасап, «кескіндеме» мен «графика» техникасын қолданады.
Динара Сәгидуқасқызының авторлық жұмыстары да көрмеге қойылған. Экспозицияда стилизацияланған ою-өрнектер, тақырыптық панно, ұлттық бас киімдер – тақиялар, «тасбақа» кәдесыйлары және басқа да туындылар ұсынылды.