Жаңалықтар
Жеңіске 80 жыл: Біз – батырлардың ұрпағымыз!
13 мамыр 2025 17:07
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай мектебімізде «Отан үшін от кешкен батырдың біз ұрпағымыз» атты іс-шаралар сериясы өтті. Бұл оқиғалар біз үшін жай ғана еске алу күні емес, тарихқа үңіліп, ерлік рухын сезініп, ата-бабаларымызға ризашылық білдіру мүмкіндігі болды.
8–9 сынып оқушылары үшін әскери-патриоттық квест ұйымдастырылды. Қатысушылар күш пен ептіліктерін, тапқырлықтарын сынап, нағыз командалық рухты көрсетті. Бұл шара әр оқушыға Ұлы тарихтың бір бөлшегі екенін сезінуге мүмкіндік берді.
Таңғы уақыт әскери жаттығудан басталды. Оқушылар бұл кезде сергіп қана қоймай, нағыз отан қорғаушылардың өмірін сезініп, НВП атмосферасына енді.
Кураторлық сағаттарда «Жеңіс хаттары» атты тақырыптық сабақтар өтті. Онда оқушылар майдангерлердің жүрекжарды хаттарын оқып, сол кезеңнің ауыр да үмітке толы сәттерін сезінді. Бұл хаттардағы сенім мен сүйіспеншілік ешкімді бейжай қалдырмады.
Сондай-ақ оқушылар өздерінің ардақты аталарына хат жазып, олардың ерліктеріне алғыс білдірді — бейбіт аспан, тыныш өмір және армандауға мүмкіндік сыйлағаны үшін.
Бұл шаралар бізге бір нәрсені еске салды: біз – ұлы батырлардың ұрпағымыз. Сондықтан олардың ерлігін ұмытпай, сол ерлікке лайық болу – біздің парызымыз.
Сонымен қатар «Жеңіс жолы – ұрпаққа аманат» атты естелік кездесуде оқушылар өз аталарының майдандағы ерліктері жайлы әсерлі естеліктерімен бөлісті.